Туберкулез

Туберкулез деген не? Туберкулез қалай жұғады?

 

Туберкулез – жұқпалы ауру. Аталмыш аурудың қоздырғышы – туберкулез микобактериясы (Кох таяқшасы, туберкулез таяқшасы) болып табылады.

Көп жағдайда туберкулез өкпені зақымдайды (80%). Дегенмен өзге де ағзаларды (мысалы, бүйректі, сүйекті, миды және т.б.) зақымдауы мүмкін.

Туберкулез жұқпасы сау адамға, әдетте, туберкулездің ашық түрімен ауыратын науқастан ауа-тамшылы деп аталатын жолмен жұғады. Аурудың қоздырғышы болып табылатын туберкулез микобактериялары аталмыш аурудың ашық түрімен ауыратын науқастық қақырығында болғандықтан, ол жөтелгенде, түшкіргенде және сөйлеген кезінде қоршаған ортаға бөлініп отырады. Сау адам жұқпасы бар ауамен тыныс ала отырып, өкпесін туберкулез микобактерияларымен зақымдайды. Туберкулез таяқшалары өкпеге түскен бойда, көбейе бастауы мүмкін.

Туберкулезге қарсы емді дұрыс алмайтын, туберкулездің ашық түрімен ауыратын бір науқас жылына 10-15 адамға жұқтыруы мүмкін.

 

Туберкулез қандай жағдайда жұқпайды:

 

  • Ата-анасынан тұқым қуалаушылық арқылы;
  • Емізу арқылы;
  • Киім, төсек орын және күнделікті керек жарақтары арқылы;
  • Жанасу арқылы;
  • Қол алысу арқылы.

Күн сәулесінің тікелей әсерінен туберкулез микобактериялары бес минут аралығында өз тіршілігін жояды. Ал, қараңғы жерлерде ұзақ уақыт сақталып қала алады.

Бөлмені табиғи түрде желдету – терезені ашу болып табылады. Желдету арқылы бөлмедегі туберкулез микобактерияларының мөлшерін азайтуға болады. Яғни, бөлме терезелері барынша ашық туруы тиіс. Қысқы уақытта да, ауа райы қолайлы кездері, бөлмені әрбір екі сағат сайын желдетіп отырған жөн.

 

Туберкулез ауруы қалай дамиды

 

Туберкулез ауруын кез-келген адам жұқтыруы мүмкін. Дегенмен де, олардың тек 10% ғана туберкулезбен ауруы мүмкін. Туберкулез микобактериялары адам ағзасына түскен бойда иммундық жүйенің бақылауында болып, «ұйқылы» қарқынсыз күйде болады. Бірақ, уақыт өте келе, әртүрлі факторлардың әсерінен адамның қорғаушы күштері (иммунитеті) төмендеуі нәтижесінде туберкулез таяқшалары «оянып» және көбею қабылетіне ие болып, ТУБЕРКУЛЕЗДІҢ дамуына алып келеді.

Туберкулез зақымданған ағзаның ыдырауына әкеп соғады. Дегенмен, аталмыш ауруды дер кезінде анықтап, дұрыс ем алған жағдайда, өкпедегі және өзге де ағзалардағы ошақтардың одан әрі ыдырауының алдын алатындай, процесті бастапқы кезеңінен тоқтатуға болады.

 

                Туберкулез ауруының дамуына төмендегідей жағдайлар алып келеді:

  • АҚТҚ-жұқпасы(ВИЧ) және ЖҚТБ(СПИД);
  • Созылмалы ауру түрлері (өкпенің, бүйректің, қантты диабетімен және т.б.);
  • Ішімдік, нашақорлық, токсикомания;
  • Жеткіліксіз және дұрыс тамақтанбау;
  • Ұзақ уақыт бойында күйзелісте болу.

 

Туберкулез белгілері:

 

  • Екі апта бойы қақырық бөліндісі бар жөтел;
  • Ұзақ уақыт бойы дене температурасының 37,5-38° дейін көтерілуі, әсіресе кешкі уақытта;
  • Әлсіздік пен тез шаршау;
  • Тәбеттің төмендеуі және дене салмағының азаюы;
  • Түңгі уақыттағы терлеу;
  • Кеуде қуысының ауруы, терең дем алу.

 

Ал келесі белгілер зақымданған ағзаға байланысты, мысалы:

  • Лимфа түйіндері зақымданған жағдайда, олардың ісінгендігі байқалады, кей жағдайлары іріңді жара қалыптасады;
  • Буындар зақымданған жағдайда, олардың ауырсынуы мен ісінгендігі байқалады.

 

Туберкулезді диагностикалау

 

Қақырықты микроскопиялық зерттеу, яғни қақырықта туберкулез микобактериясының бар-жоқтығын анықтау. Зерттеу үшін арнайы медицина қызметкерінің бақылауымен үш күн бойы қақырықтың таңертеңгі бөлігі жиналады. Қақырық әдетте туберкулез таяқшалары орналасқан өкпеден шығады. Себебі түкірікте олар болмауы мүмкін.

Микроскоп арқылы қақырықта туберкулез микобактериясы анықталған жағдайда, науқастың қақырық жағындысы оң нәтижелі (БК+) екендігін білдіре отырып, ол айналасындағы адамдарға қауіпті екендігін айқындайды.

Ал, егер де микроскоп арқылы қақырықта туберкулез микобактериясы анықталмаған жағдайда, науқастың қақырық жағындысы теріс (БК-) екендігін білдіреді және ол жұқпалы емес.

Қақырықты дақылдық әдіспен зерттеу, яғни дақылды лабораториялық арнайы сіңімді ортада зерттеу, туберкулез диагнозын нақтылауға және туберкулез микобактерияларының туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектерге сезімталдығын анықтауға мүмкіндік береді.

Қалған зерттеу түрлері қосымша зерттеулер болып табылады. Мысалы, туберкулезді рентгенографиялық әдіспен (флюорография және рентгенография) анықтауға болады. Бірақ бұл әдіс туберкулез диагнозын нақты қоюға әр уақытта мүмкіндік бере алмайды. Туберкулезге күдік тудыратын науқастардың барлығының да (рентгенологиялық өзгерісі байқалмаған жағдайда да) қақырығына және зақымданған өзге де ағзалардан алынатын материалдарына зерттеу жүргізу қажет.

 

Емдеу барысында туберкулез жұқпасының таралу қаупін қалай төмендетуге болады

 

Туберкулезге шалдыққан науқастың жақын адамдары мен туыстарын тексеруден өткізу.

Туберкулез науқасымен қарым-қатынаста болған, әсіресе бір үйде/пәтерде тұратын әрбір адам туберкулезге қарсы диспансерде немесе емханада тексерілуден өтулері тиіс. Егер де, тексерілу барысында оларда туберкулез анықталған жағдайда, онда ол науқастар міндетті түрде емнің толық курсын алулары қажет.

Туберкулез – аса жұқпалы ауру. Сондықтан, жақын және қоршаған адамдарынды аурудан сақтау мақсатында, келесідегідей ұсынымдарды сақтау қажет:

  • Бірінші кезекте, толық жазылғанша емделу (дәрігер мен мейірбикенің барлық талаптарын орындау);
  • Жөтелгенде және түшкірген кезде, ауызды тұрақты шытпен (қолмен) жабу немесе теріс қарау;
  • Қақырықты арнайы түкіргішке түкіру;
  • Бөлмені тұрақты желдетіп отыру;
  • Туыстармен бөлме ішінде емес, шама келгенше далада сөйлесу;
  • Адамдар көп жиналатын жерлерден, әсіресе жабық бөлмелерден қашқақтау;
  • Жеке бас гигиенасын сақтау.

 

Туберкулезді емдеу

 

Туберкулез жазылатын ауру, тек ем дер кезінде басталып, дұрыс жүргізілген жағдайда ғана!

БДҰ ұсыны бойынша, туберкулезге қарсы ем ДОТС стратегиясы бойынша жүргізіледі. Бұл мемлекеттік туберкулезге қарсы күресу бағдарламасы. Ол бүкіл дүниежүзі бойынша барлық медициналық мекемелерге (пенитенциарлы мекемелерге қоса) енгізілген.

Ем медицина қызметкерінің тікелей бақылауымен жүргізіледі. Себебі, сол жағдайда ғана дәріге төзімділіктің қалыптасуының алдын алуға, сонымен қатар туберкулездің асқынуына жол бермеуге мүмкіндік бар.

Дәрілерді қабылдауды тікелей бақылау, науқастарға сенімсіздік танытқандықтан емес. Ондай бақылау оң нәтижелі ем алу үшін, сонымен қатар дәрігерлердің емнің дұрыс және үздіксіз қабылданып жатқандығына сенімді болулары үшін қажет. Егер де, дәрілерді қабылдау кезінде сізде жағымсыз сезімдер мен жанама әсерлер байқалса, онда сіздің бірден дәрігермен кеңесуіңізге болады. Сондай-ақ, бұл өмір болғандықтан, науқастар дәрі-дәрмектерді уақытында қабылдауды ұмытып кетулері де мүмкін.

 

Туберкулезге қарсы ем қай жерлерде жүргізіледі

 

Емнің қарқынды кезеңінде (алғашқы 2-3 ай) ем туберкулезге қарсы ауруханада (диспансерде) жүргізіледі.

Ол төмендегідей талаптар үшін қажет:

  • Айналадағы адамдарға жұқтыру қаупінен сақтау;
  • Дәрі-дәрмектерді қабылдауға дағдылану;
  • Дәрі-дәрмектерді қабылдауын бақылау;
  • Қажет болған жағдайда, емге дер кезінде өзгерістер енгізу үшін, медицина қызметкерінің тікелей және тұрақты бақылауында болу.

Емнің демеуші кезеңінде (кезекті 4-5 айлар аралығында) ем науқастың тұрғылықты жеріне жақын жердегі медициналық мекемеде немесе туберкулезге қарсы мекемеде жүргізіледі.

 

Туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектерден болатын жанама әсерлер

 

Туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектерсіз, тек халықтық тәсілдерді қолдану арқылы туберкулезді емдеу мүмкін емес. Туберкулезге қарсы дәрілер: изониазид, рифампицин, пиразинамид, этамбутол, стрептомицин, капреомицин, амикацин және т.б. Туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектер – қазіргі таңда қолданылып жүрген дәрілердің ішіндегі ең күштісі. Алайда, басқа дәрілер сияқты олардың да жанама әсерлері болуы мүмкін: тәбеттің төмендеуі, жүректің айнуы мен құсу, іш аймақтары мен буындардың ауырсынуы, терінің қышып дуылдауы, көздің ағы мен терінің сарғаюы, құлақтың шулауы, жүрістің өзгеруі мен көру қабілетінің нашарлауы. Қандай да бір жанама әсер байқала бастысымен медицина дәрігеріне хабарлау керек. Тәжірибе жүзінде, жоғарыда аталған белгілердің барлығы да кетеді және басты емді тоқтатуды қажет етпейді. Тіпті болмаған жағдайда, сол препарат тоқтатылады.

Емді өз бетінше тоқтатуға болмайды. Ондай шешімді тек емдеуші дәрігер ғана шешеді. Қажет болса, жанама әсерлерді төмендететін қосымша дәрілер тағайындалады.

Емнің стандартты курсы бойынша туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектердің мөлшері «емнің әсері максималды және жанама әсерлердің минималды болуы» принципіне сәйкес талғанған.

Жанама әсерлер туберкулез ауруының өзімен салыстырғанда, қауіпсіз болып табылады.

 

Не себепті ұзақ емделу қажет?

 

Туберкулез микобактериясы, оларды дәрілердің әсерінен берік қорғайтын тығыз қабықшамен қапталған. Сол қорғанышты бұзу үшін, туберкулезге қарсы дәрілер барынша ұзақ уақыт бойы қабылдануы қажет.

Туберкулезге қарсы дәрілерді қабылдай бастағаннан кейін, біраз уақыт өткен соң науқастардың көпшілігі өздерін жайлы сезіне бастайды және қарқынды кезеңнің соңына таман туберкулездің белсенді микобактериялары жойыла бастайды. Дегенмен, науқастың ағзасында ұзақ уақыт бойы белсенсіз күйде болатын «ұйқыдағы бактериялар» сақталып қалады. Ал, емнің демеуші кезеңінде сол бактериялар толық жойылады. Емнің толық мерзімін сақтамаған жағдайда (алдын ала емді өз бетінше тоқтату), туберкулез микобактериялары қайта көбейе бастап, ауру жаңа қарқынмен өршиді. Толығымен жойылмаған туберкулез микобактериялары туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектердің әсеріне төзімді (сезімтал емес) бола бастайды. Ал, туберкулездің мұндай түрін емдеу аса күрделі болып келеді.  Сонымен қоса, туберкулездің ондай түріне шалдыққан науқас айналасындағы адамдарға туберкулездің дәріге төзімді түрін жұқтырады.

 

Емдеу барысында ағзаны қалай ұстау қажет?

 

Мықты иммундық жүйе дәрілермен бірге ауруға қарсы күресетіндіктен, оны үнемі күшейтіп отыру қажет. Қарапайым иммундық жүйе, адам шылым шеккенде, спирті бар ішімдіктерді немесе есірткі тұтынған кездері әлсірейді. Шама келгенше зиянды әдеттерден арылуға тырысу керек. Сондай-ақ, АҚТҚ-жұқтыру қаупін біліп қана қоймай, жұқтырмайтын жолдарын білу керек.

Міндетті түрде үйлесімді тамақтанып отыру керек. Дәрумендерге толы көкөністерді және белокты тағамдарды (ет және сүт тағамдары) көбірек қолданған жөн. Дегенмен, туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектердің көмегінсіз, тек құнарлы тағамдар ішу арқылы туберкулезден жазылып кете алмайтындығыңыз есіңізде болсын.

Туберкулез науқастары көбірек ұйықтап және жеткілікті түрде демалған жағдайда (күніне 8-10 сағат) тезірек сауығады. Әсіресе, таза ауада көбірек уақыт өткізген дұрыс.

Науқас қоршаған орта үшін қауіпсіз болғанда, шамасына келетін жұмыстар мен жеңіл дене жаттығуларын жасауына болады.

 

Туберкулез және АҚТҚ-жұқпасы (ВИЧ-инфекция)

 

АҚТҚ – бұл адамның қорғаныш тапшылығының қоздырғышы. Иммундық жүйе – ағзаның әртүрлі аурулардың қоздырғыштарынан сақтайтын ішкі қорғаныс. Қорғаныш тапшылығының қоздырғышы қандай да бір нақты жасушаларға (CD4-лимфоциттері) ене салысымен тез көбейе бастап, адамның иммундық жүйесін әлсірете бастайды. CD4-лимфоциттерінің мөлшері төмендеген сайын аурудың диагностикалық белгілері де айқындала бастайды. Ұзақ уақыт бойы адам ауруды жұқтырғандығы жайлы бейхабар болып, өзін сау сезініп жүруі де мүмкін. АҚТҚ жұқпасымен өмір сүріп жатқан адамдарды (АӨА) АҚТҚ-позитивті деп атайды.

АҚТҚ-жұқпасы иммундық жүйені әлсіретіндіктен, ол туберкулездің өршуін тездетеді. АҚТҚ-жұқпасы мен туберкулез – бір-бірінің асқынуын жылдамдататын екі патологиялық процесі бар комбинация болып табылады. АҚТҚ-теріс адамдармен салыстарғанда, АҚТҚ-жұқпасы бар адамдардың туберкулезді жұқтыру қаупі 50 есе жоғары. Туберкулез ауруы, бүкіл дүние жүзінде АҚТҚ-жұқпасымен өмір сүріп жатқан адамдар (АӨА) арасында өлімнің ең басты себепкерлердің бірі болып табылады.

Дер кезінде басталып, емнің дұрыс жүргізілген жағдайда, АӨА-да туберкулезді емдеуге болады.

 

Туберкулезді емдеудің демеуші кезеңі

 

Демеуші кезең емнің қарқынды кезеңі біткен соң, 4-5 ай аралығында науқастың тұрғылықты жеріне жақын жердегі медициналық мекемеде немесе туберкулезге қарсы мекемеде жүргізіледі.

Емнің демеуші кезеңінде туберкулез микобактерияларының толығымен жойылу процестері жүреді. Соның ішінде, әсіресе, ағзада белсенсіз күйде ұзақ уақыт жүре алатын «ұйқыдағы» деп аталатын микобактериялар жойылады.

Емнің тиімділігін бақылау

Емнің толық курсы аяқталғанша бірнеше рет қақырықты тапсыру қажет. Ол анализдер төмендегідей мерзімдерде тапсырылуы тиіс:

  1. Емнің қарқынды кезеңі аяқталғанда;
  2. Ем басталғаннан кейін 5 айдан соң;
  3. Емнің соңында.

Осы мерзімдерде қосымша флюорографиялық немесе рентгенографиялық зерттеулер де жасалады. Дегенмен де, ең маңыздысы қақырық анализдерінің нәтижелері болып саналады. Егер де, қақырықта туберкулез қоздырғышы анықталса, онда аурудың әлі жазылмағандығын білдіреді. Егер де, қоздырғыш болмаса, онда науқастың жазылып келе жатқандығын білдіреді. Бірақ, әлде де емді тоқтатуға болмайды (курстың соңына дейін). Қақырықта туберкулез микобактерияларының болмауы, дәрілердің әсерлері тиімді болғандығының дәлелі.

Ем сәтті дет аталады, егер де ол соңыда дейін үздіксіз жүргізілсе және туберкулезге қарсы дәрі-дәрмектердің қабылдануының бақылаулы курсы (6-8 немесе одан көп ай) болып, туберкулез микобактериясының бөлінуі толығымен тоқтап (барлық қақырық анализдері бойынша), науқастың жалпы күйі қалыпқа келгенде және рентгенограммадағы өкпенің қабынған өзгерістері жоғалғанда ғана.

Туберкулез: 1 пікір

Добавить комментарий для Ғайни Отменить ответ

Сіздің e-mail-ңіз жарияланбайды. Міндетті түрде толтырылатын өрістер *-мен белгіленген

*